Statements and Remarks of CICA Secretary General Ambassador Kairat Sarybay

  • Home Statements and Remarks of CICA Secretary General Ambassador Kairat Sarybay

Statement by CICA Executive Director Ambassador Kairat Sarybay at the international conference "The Republic of Kazakhstan in the modern system of international relations" dedicated to the 30th anniversary of the diplomatic service of the Republic of Kazakhstan.


Құрметті Мұхтар Бескенұлы,

Құрметті әріптестер,

Құрметті қазақ дипломатиясының жанашырлары/ардагерлері,

 

Тәуелсіз еліміздің дипломатиялық қызметі 30-жылдық межесіне жеткенде, сыртқы саясаттағы жетістіктерімізге көз жүгіртіп, бар болса ақсаңдап келе жатқан тұстарымызға сараптама жүргізіп, оң мен солды айырып, болашаққа бағдар қою маңызды. Осы ретте, Сыртқы істер министрлігінің басшылығы мен конференцияның ұйымдастырушыларына бүгінгі пікір алмасуға қатысу мүмкіндігі үшін алғыс білдіремін.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздіктің елең-алаңында халықаралық құқықтың дербес субъектісі ретінде бірден әлем қауымдастығының дамуы мен қауіпсіздігін ойлап, бірқатар жаһандық бастамаларды алға қойып, сан алуан шаралардың басын қайырды. Қазақстан сыртқы саясатының негізгі бағыттары, ең алдымен, еліміздің географиялық мекені және оның ұлттық мүдделері мен болмысы сынды аса маңызды факторлардың ықпалымен қалыптасты. Көпвекторлы сыртқы саясатқа ден қойды.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, өз алдына дербестігін алған елдер арасында саяси, экономикалық және ұлтаралық қатынастарда терең қарама-қайшылықтар орын алған тұста, 1992 жылдың қазанында БҰҰ Бас Ассамблеясының биік мінберінен тәуелсіздікке қолын енді ғана жеткізген жас мемлекеттің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары Кеңесін шақыру туралы көреген бастамасын ұсынды. Азия құрлығындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша әмбебап және оңтайлы механизм құру керектігін басып айтты.  

Азиядағы қауіпсіздік мәселері бойынша серіктестік институтын құру бұған дейін де талай мемлекет басшылары көтерген тақырып болғанына қарамастан, олар көпшіліктен қолдау таппай, іс жүзінде жүзеге асырылмады. Бұл Азияның саяси, экономика, мәдени және діни тұрғыдағы сан-алуандығын ескере отырып, ортақ мәмілеге қол жеткізудің оңайға соқпайтынына байланысты болса керек. Десе де, халықаралық қауымдастық жас мемлекеттің әлеуетіне сенім артып, жаңа бастамаға дем берді.

Азия Кеңесін құру бастамасының түп-төркі­нінде егемендігіне енді ғана қол жеткізген «тар жол, тайғақ кешуден» аман-есен алып шығып, тәуелсіздіктің тұғырын нығайту мақсаты тұрғандығы анық. Оған қоса, көршіңде тыныштық болмаса, оның әсері тимей қоймайтынын жете түсінген Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінде Азия халықтарының көкейкесті мәселелерімен шұғылданып отырған құрлығымыздағы бірегей ұйымның негізін қалаушысы болып мойындалды.

Азия Кеңесін құруға бағытталған Қазақстан дипломатиялық қызметінің жинақтаған тәжірибесі одан кейінгі жылдары Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі және басқа да көпжақты құрылымдардағы Қазақстанның сәтті төрағалықтарының іргетасын қалады.

Қазақстан үшін Азия Кеңесінің дамуы маңызды, өйткені Кеңестің негізін қалаушысы мен бастамашысы ретінде Азия Кеңесі қызметіндегі ұсыныстарды жаңа бағытқа қарай алға басуды еліміз өз мойнына алды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев түрлі халықаралық алаң мен ең жоғарғы деңгейдегі екіжақты кездесулер аясында шегелеп айтып жүр.

2020-2022 жылдардағы Қазақстан төрағалығы шеңберінде Азия Кеңесін толыққанды халықаралық ұйымға айналдырудың стратегиялық мақсаттарына негізделген бірқатар маңызды басымдықтарын айқындады.

Былтыр қазан айында өткен Азия Кеңесі Сыртқы істер министрлерінің 6-кездесуіне келген делегация басшыларымен кездесу шеңберінде Қасым-Жомарт Кемелұлы «Кеңестің халықаралық ұйымға қажетті барлық элементтері, атап айтқанда негізгі құжаттары, басқарушы және жұмыс органдары, оперативтік бюджеті мен тұрақты хатшылығы бар. Ұсынылып отырған трансформация Азияның жаһандық істерді реттеудегі жаңа рөлін айқындай түседі. Бұл қадам Кеңеске мүше мемлекеттердің ірі құрлықтағы ортақ, бірыңғай және тұтас қауіпсіздіктің архитектурасын қалыптастыруға бейілді екенін нақтылайды», - деп атап өткен болатын.

Оған қоса, 2022-2024 жылдары АӨСШК төрағалығына Қазақстанды ұсына отырып, еліміздің кандидатурасы мақұлданған жағдайда Кеңестің игі миссиясын орындау үшін ұжымдық күш-жігерді нығайту жолында жаңа мандатты пайдалануға міндеттеме алатынымызды мәлімдеді.

Президент Тоқаевтың салған бағдарымен 2022 жылғы 12-13 қазанға жоспарланған Азия Кеңесінің алтыншы Саммитінде қарастырылатын негізгі құжаттар да, Кеңестің әрі қарай дамуының жолын бекітпек.

Қазақстанның көпвекторлы саясатының нәтижесінде аяққа тұрған ұйым бүгінде Азия өңіріндегі 35 мемлекетті және жер шарындағы миллиардтаған халықтың көкейкесті мәселесін шешіп отыған тиімді көпқырлы құрылым. Мұның артында Қазақстанның әлемдік тұрақтылық пен бейбітшілік жолында атқарған өлшеусіз еңбегі жатыр. Азия Кеңесінің дамуы, өркендеуі және өміршеңдігі  еліміздің жаһандық ортадағы абыройын асқақтай түсетіні кәміл.

 

Құрметті әріптестер,

Ұлы Дала Елінің жарқын болашағы үшін сыртқы саяси мүдделерін ілгерілету жолында қызмет етіп отырған барлық әріптестерімізді төл мерекемізбен құттықтаймын. Еңбектеріңізге табыс тілеймін.

FOR CICA MEMBER STATES

Login

Password